Наурыз, Наурыз!

Наурыз, Наурыз!
Фото: Karla Nur

Барша қауымның сүйікті мейрамы – Наурыз мерекесінің қарсаңында, 17 наурызда «Астана Опера» Камералық залында «Көктемгі әуендер» атты концерт өтеді. Сахнада «Астана Опера» театрының опера солистері, хор әртістері мен оркестрі өнер көрсетеді.

– Наурыз мейрамы тек Қазақстанда ғана атап өтілмейтіндіктен, біз концерт бағдарламасына махаббат пен көктемнің оянуына қатысты тақырыптар көрініс тапқан вокалдық және аспаптық өнердің түрлі үздік туынды енгіздік. Тыңдарманға Е.Хасанғалиевтің «Нұрлы таң», Е.Рахмадиевтің «Таң самалы» және т.б. қазақ композиторларының шығармалары ұсынылады. Осы кеште батыс еуропалық және орыс классиктерініңмузыкасы, соның ішінде П.Чайковскийдің «Күн үстемдік еткенде», С.Рахманиновтың «Ол ерте көктемде болатын» және «Көктем сулары», сондай-ақ Р.Штраустың, Ф. Шуберттің, Э. Григтің, Ф. Листтің тамаша туындылары  шырқалады,-  деп бөлісті концертмейстер Раушан Бескемпірова.

Нұрғиса Тілендиевтің «Қыз Жібек» фильміне жазған «Аққу» күйі Камералық зал сахнасында алғаш рет орындалады. Осы фильмнің түсіріліміне байланысты еске түсетін оқиға: кинематографшылар көлдегі аққулар көрінісін түсіре алмай әлек болады – құстар операторға қарай жүзбей қояды. Оларды ешкім бір жерге топтастыра алмайды. Сол кезде түсірушілер микрофон арқылы жақында жазылған «Аққу» күйін қосады. Құстарды еліктірер үн баурап алады да,осы сәтте олар бір топқа жиналады. Осы ғажайып композицияны сыбызғышы Балжан Сапарова және қыл қобызшы Раушан Оразбаева ұсынады.

Тыңдарманға ерекше дарынды вокалистер – Жанат Шыбықпаев, Бейімбет Таңарыков, Бибігүл Жанұзақ, Ғалия Байғазинова, Татьяна Вицинская, Мәдина Исламова, Елена Ганжа, Елена Низамутдинова, Қазыбек Досмұхамбетов, Ерұлан Кәмел, Диана Таймушева, Ұлпан Әубәкірова, Аида Кұрманаева, Нұрлан Шауханов, Ермек Берімжанов және «Астана Опера» скрипка ансамбліөз өнерін тарту етеді. Концертмейстерлер – Раушан Бескемпірова, Жанар Ахметова, Ирина Кургузкина. 

Г. Берік