Қазақ зиялыларының Наурыз жайлы айтқандары

Қазақ зиялыларының Наурыз жайлы айтқандары
Фото: e-history.kz

Наурыз — қазақтың ұлттық мейрамы, төл мерекесі. Дәл қазір жердің тоңы жібіп, сай-саланы су алып, күннің көзі ерекше нұрға бөленген. Ал мейрам жайында айтылған пікірлер мен аңыздар көп.  Бұл жөнінде Алаш арыстары да қалам тербеген.

Қожа, молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, Құрбан, Ораза айттарын Ұлыс күні дегізіп, Ұлысты – Наурыз дегізген. Жыл басының аты Ұлыс екенінің дәлелі мынау: «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар» деген – тіпті ескі мақал.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Қайда атақты, асқан бай бар болса, Наурызнаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында Наурызнаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

«Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, құтты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында һәр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді».

Ахмет Байтұрсынұлы

Міржақып Дулатов «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп» деген мәтелді тілге тиек ете келе былай деп жазады: «Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін Ораза, Құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол – Наурыз.

Қыс бойы ақ кебінін жамылып, өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да, көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге саяды.

Міржақып Дулатов

Жаңа жыл күні қазақ күн райына қарай алдағы жазды рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды. Қар тез кете ме, жаз жылдам бола ма деп болжам жасайды. Қазақтың Жаңа жылы – жазғытұры күн мен түннің теңелген (22 наурызда) күні болады. Жаңа жылдың ертеңіне жарық, жылы, күн қараңғы, суық түннен ұзара бастайды...

Мағжан Жұмабаев

Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, Наурызнама қыламыз деп тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен. 

Абай Құнанбаев 

Жеткен кезде Наурызымыз жапан біткен жаңғырар, 
Тұман орап тау басын, аспан үрпі салбырар. 
Жансыздарға жан бітіп, әуен билеп маңды бір, 
Жер көгеріп, шөп қаулап, мерейін бір қандырар. 
Күнге тосып арқасын жан-жануар албырар, 
Аунап-қунап барлығы жерге түсін қалдырар... 

Мақтымқұлы 

Н. Үсенова