Массагет ұжымы Амал мейрамымен құттықтайды

Массагет ұжымы Амал мейрамымен құттықтайды
Фото: e-history.kz

Бұрын тек Қазақстанның Батыс аймағында тойланса, қазір жер-жерге қанат жайып келе жатқан Амал мейрамы барша халықты шатыққа бөлейді. Бұл – қазақтың ескіше жыл санауы бойынша, көктемнің алғашқы күні. Қазақтың жаңа жылы туралы атақты Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Ахат әкесі туралы естелігінде: «14 март күні әкем бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні. Бұрынғы аты наурыз. Парсы тілі. Жаңа күн деген сөз деп айтқаны есімде», – деді.

Әз-Наурыз мейрамы Батыс өңірінде осы күннен, 14 наурыздан бастау алады. Балалар үлкендерге, жастар қарияларға келіп қос қолын созып, сәлем береді. Үй-үйді аралап, ақсақалдардың батасын алып, наурыз көже ішеді. Жыл бойы тоң болып қатталған өкпе-ренішті ұмытып, араздасқан жандармен татуласуға мүмкіндік туады.

Ел-жұрт шаттықтан шырайы бал-бұл жанып, бір-біріне «Жылың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жылдан-жылға аман жетейік!» деп жылы лебіз бен ыстық ықыласын жаудырады.

Массагет ұжымы оқырмандарын Амал мейрамымен құттықтайды! Көсегеміз көгеріп, керегеміз кеңейсін! Өлім-жітім азайып, сәбилер көбейсін! Жылдан жылға, наурыздан наурызға деніміз сау болып жете берейік! 

@. @assel_assanova