22 наурыз. Айтыс өнерінің тарихы

22 наурыз. Айтыс өнерінің тарихы

Қазақ халқының ғасырлар бойы күткен тәуелсіздігімен ілесе, оның төл өнері – айтыс та жаңғырып, жаңа сипатта халық өміріне енді. Бүгін сіздердің назарларыңызға айтыс тарихы туралы бірер деректерді келтіре кеткенді жөн көрдік.

Айтыс тарихы көнеде бермен қарай ұлтпен бірге жасасып келе жатыр. Оған мысал елдің ескі әдет-ғұрпына жататын тұрмыс-салт жырларындағы «Жар-жар» мен «Бәдік» өлеңдерінің айтыс формасында болып келуі. Айтыс табиғатын зерттеуші М.Жармұхамедұлы мынадай бір тосын мәлімет келтіреді: «Айтыс түрік тектес елдерде ертеден бар екені аңғарылады. Бұған М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты жинағындағы «Қыс пен Жаздың айтысын», сондай-ақ Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хикметіндегі» «Дозақ пен Пейіштің» айтысын дәлел ретінде айта аламыз» Бұл дерекке қарап, атамұра өнеріміз қазақ ұлт боп қалыптаспай тұрған кезде де бар болғандығын аңғарамыз. Осы дәстүрдің арғы шығу тегін зерделей отырып, басқа да елдердің ұқсас әдеби үрдістерімен салыстыра зерттеген М.Әуезовтің пікірі біраз дүниеден хабар береді. Оның: «Айтыс сөздерінің молдығы мен көп жайылғандығына қарасақ, қазақ елі ақындық теңізі сияқты. Басқа жұртта өлең болса, мұншалықты мол болып етек алып жайылған емес. Анда-санда кездесетін шашыраған өлеңдер сияқты көрінеді. Мысалы ескі француз әдебиетіндегі тенсондар, бұлардың түрі қазақ айтысына ұқсайды. Онда да екі ақын көп жиынның алдында сөз жарыс жасайды. Айтыстың өзге өлеңнен айырмасы: суырыпсалма өлеңдермен айтысатын болса, тенсондар да сондай, жанынан шұғыл шығарылған ауызша өлеңдер. Айтысатын сөздері де кейде қазақ айтысында кездесетін білім таласы сияқты, жұмбақ пен ой тартысы болады. Француз әдебиетіне басқа, ескі араб әдебиетінде «Мұғаллакат» деген өлеңдер болған, бірақ бұл нағыз айтыс емес, көбінесе өлең жарысы сияқты» , дей келіп: «Міне өзге жұрттың әдебиетінде айтыс өлеңдердің осы сияқты түрлері болғаны рас. Бірақ бұның бірде-бірі қазақ айтысындай көпке тарап, көп жұрттың барлығы ермек қылатындай болған жоқ. Қазақтікі сияқты әдебиет тарихының бөлімі болып етек алып тараған емес. Қазақтың кәрі, жасындай айтысты қызық көріп қызуланып, тегіс өнер қылып, жалпақ ел ұстанған емес. Қазақтағы айтыс әдебиет бөлімі болудан басқа ел тартысының бұрынғыдан келе жатқан театры сияқты көпке бірдей қызық беретін жиын сауығы болған» деген пікірі айтыстың қазақ әдебиетінде алатын орнын айқындап берді.

«Айтыс қазақ даласында негізінен XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап айрықша кең өріс алып, мол серпінмен дамыды. Бұған сол тұстағы қазақтың көшпелі өмірі мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрі басты себеп болды. Рас, кітап бастыру мен театр өнері қалыптаса қоймаған елде айтыстың қалың жұртшылық бас қосып ден қоя тыңдап, одан эстетикалық ләззат алатын сауықшылдық сипаты да ерекше еді. Мұның үстіне ол қолма-қол суырып салып айтатын тапқырлық, өткірлік қасиеттерімен де дараланады. Әлеуметтік мәні ұшталған бір алуан айтыстарды («Ақсұлу мен Кеншімбай», «Молда Мұса мен Манат қыз», «Ұлбике мен Жанкел», «Шөже мен Балта», «Орынбай мен Арыстан», «Әсет пен Ырысжан», «Біржан мен Сара», «Сүйінбай мен Қатаған», «Жамбыл мен Құлмамбет» т.б.) ел өмірінің көркем шежіресі, жинақталған энциклопедиясы деуге де болар еді.

Айтыскер ақындар жүрген жер ел ортасында көшпелі сауықшылар жүргендей қалың думан, жиын болатын. Елдің айтыс өлеңдерін қатты қадірлегендерінен айтыс ақындары: Шөже, Кемпірбай, Жанақ, Сабырбай, Мұрат, Тоғжан, Біржан, Сара сияқтылардың атағы қазақ ішіне тегіс жайылған. Барған елінің барлығында бағалы, қадірлі болып, қайда барса да сый, құрмет, қызық, сауық болатындықтан, айтыс ақындары сол жүрісін біржолата салт қылып әкеткен. Сән салтанатпен, қобыз, домбырамен қыдырып жүріп, айтысқа шығатын ақындарды іздеумен өткен. Бұрынғы заманның осы сияқты жиыны болса да айтыссыз өтпейтін. Талай ақын өз елінен шығып, жат елді аралап, кектеніп, кез келген ақынмен айтысып, не жол алып, не жол беріп, жеңіп, жеңіліп жүрген. Баяғы заманда жауынгер батыр алыста тоят іздеп, білегінің қайратына сеніп, соғыс майданында жау іздесе, айтыс ақындары тіл жағының қайратына сеніп, соғыс майданының жекпе-жегін іздейді. Қазақ елінің бұрынғы жортуылшыл батырдан кейін тапқан, екінші алуандас батыры - қызыл тілдің иесі ақындар. Ел тіршілігінің жауынгерлік дәуірінен шығып, тыныштыққа бет алған кезінде, Сарыарқаны сайқалдап, оңды-солды шарлап жүрген бір алуан адамдары, осындай сөз батырлары кешегі Жанақ, Кемпірбай, Шөже, сол ақындардың үлгісі ел ортасында соларға ұқсамақ болған жігіттер көбейген».

Айтыс дәстүрі түркі тілдес елдердің көбінде-ақ кездеседі, алайда, бұлардың ешқайсысы біздегі айтыспен теңесіп иық тіресе алмайды. Сол себепті біздегі дәстүрлі және бүгінгі айтыс өнері халқымызбен ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан өзінің сан алуан көркемдік, танымдық сипаттарымен ел мақтанышына айналып отыр.

«Аталы сөзді арсыз қайырады» деген нақылды берік ұстанған халқымыз үлкен демей, кіші демей, жас демей, кәрі демей, еркек демей, әйел демей айтысушы ақынның қайсысының сөзі маңызды, өмірге, шындыққа жақын болса, соны қолдап, көтеріп отырған. 

Материалға Bauka.kz сайтынан алынған мәліметтер пайдаланылды

сурет:minber.kz

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига