22 наурыз. Қазақтың шешендік сөздері II бөлім

22 наурыз. Қазақтың шешендік сөздері II бөлім

22 наурыз - қазақтың жаңа жылы. Өткенімізбен бүгінімізді байланыстыру үшін бабалар сөздерін үнемі жадымызда ұстауымыз керек. Босағамызды аттаған жаңа жылдың құрметіне ұлы шешендеріміз айтып кеткен өнегелі шешендік сөздерді ұсынғалы отырмыз.

Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім

Ноғайлының ханы Әз Жәнібек халықты жиып:

— Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады, соны кім табады? — депті.

Жиылған халық көп дағдарып:

Үш арсыз: ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз.

Үш ғайып: қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып, — деп шешіпті.

Бірақ үш жетімді ешкім таба алмапты.

Сонда Әз Жәнібек хан:

—     Елде келмеген кім қалды? — деп сұрапты.

—     Келмеген Қарабас шешен қалды, — депті халық.

Әз Жәнібек Қарабасты шақыртып алып, әлгі сөздің шешуін сұрапты:

Сонда Қарабас:

Жетім үшеу емес, бесеу еді ғой!

Оты жоқ жер жетім,

Басшысы жоқ ел жетім.

Елінен ауған ер жетім,

Тыңдаушысыз сөз жетім,

Жоқтаушысыз қыз жетім, —

дейді.

Сонда Әз Жәнібек:

— Сенің атыңды қоюшы адам ақылсыз екен. «Қарабас» дегенше «Алтынбас» десе болмай ма? — деген екен.

 

Шернияздың Байсақалға айтқаны

Шернияз ел қыдырып жүріп бір үйге түстеніп отырған Байсақал бидің үстіне кіріп келеді. Асты қызғанған Байсақал:

— Әй, Шернияз, кезбесің-ау! Бұйырғанды да, бұйырмағанды да жейсің, — дейді. 

Сонда Шернияз ақын отырмастан былай депті:

Асқар, асқар, асқар тау,

Асқар таудың түбінде болар саясы.

Шариғатты білмеген

Көкірегіңнің қарасы.

Шыр етіп анадан туған соң

Шашылған ризықты термеске

Пенденің бар ма шарасы?!

Байсақал сөзден жеңіліп: «Әншейін сөздің кілтін ашайын деп айтып едім, ақын! Жоғары шық!» — деп төрге шығарыпты.

Шиырбай жылқышының бір байға айтқаны

Шиырбай бір байдікіне қонса, мал  соймай, жай-жапсарын айтпай алдына ескі ет әкеліпті. Сонда Шиырбай:

Мынау жас ет десем сұр екен ғой,

Шық бермес Шығайбайдың бірі екен ғой.

Әлді деп Қарынбайды естуші едім,

Қарынбай әлі тірі жүр екен ғой, — депті.

"Елді Бекем билейді, Бекемді шешем билейді"

Бекболат бидің бәйбішеден тоғыз ұлы, тоқалдан Тіленші дейтін бір ұлы және бір қызы болыпты. Бекболат қартайғанда ағайынның жақсылары жиналып келіп:

— Жасыңыз болса жетті, орныңызды ұстап, кісі қылуға балаларыңыздың қайсысын ұйғарып жүрсіз? Сіздің көзіңіздің тірісінде құрметтеп, бата берейік деп едік, — дейді. Бекболат біраз үндемей, көзін жұмып толғанып, ыңыранып отырады. Тіленшіні атайын десе бәйбішесінің көңіліне қарайды. Әкесінің қиналып отырғанын қызы байқап:

- Қаракесектен шыққан он екі ата елді Бекем билеуші еді, Бекемді шешем билеуші еді. Бекем шешемнен қаймықпаса, тоқалдан туды демесе, Тіленшіжанның ел ұстамайтын несі бар? —дейді. Сонда Бекболат көзін ашып:

Баланың сөзі рас, сол немеден үмітім бар еді. Бірақ ел жұмысынан ойлаған ойы жоқ секілді. Қойшы-қолаңшымен оймай беруші еді, бойын ұстай білмеуші еді, — дейді. Сонда бәйбіше:

— Сол немеден менің де үмітім бар еді… Тіленші қайда? — дейді. «Жылқы суара кетіп еді» дейді қыз. Отырған жақсылар:

— Оған өзіміз барып жолығып қайтайық, — деседі. Бұлар іздеп келсе, Тіленші су жағасында қойшылармен алысып ойнап жүр екен.

Кісілерді көрген соң, Тіленші сәлем береді. Келген жақсылар:

— Мынау қойшы-қолаңшымен алысып жатқаның не? — дейді. Тіленші сөзді тыңдап болып былай дейді:

— Әкем Бекболат он екі ата елді билеп еді, елдің жуаны келсе қабағын ашып, жадырай сөйлеуші еді. Нашар, жіңішке атаның балаларын елемей, мұңын жүре тыңдайтын Олар арыз-мұңын айта алмай кеткендей көрінетін. Сонда мен: «Егер билікке қолым жетсе, нашарлар жасқанбай арманын айтатын кісі болсам» деп, ойлаушы едім, сол үшін осы бастан бойымды үйретіп жүрмін. Мұны естіген ел жақсылары:

—  Балам, біздің ойлағанымыз бұл емес еді, сенікі мақұл екен. Тусаң ту, бәрекелді! – деп баталарын беріпті.

"Әркім азса, қатарымен азады"

Елкей хан бір жиылыста отырғанда ешкім сөз бастамапты. Елкей көпшілікке қарап:

— Неге үндемейсіңдер? Бұл жиында сөзді кім бастаушы еді? — депті.

Сонда көпшілік: «Тоқта, Абан би келсе, сол бастайты» — депті. Би тез келе қоймапты. Абан келгенше әңгіме өрбімейді. Бір кезде кешігіңкіреп Абан келіпті. Абан аласа бойлы, ашаң жүзді, ажарсыз қара кісі екен. Елкей бұрын Абанды көрмеген екен. Жұрт: «Абан, Абан» дегенде Абанды қарны қабақтай, шекесі тоқпақтай, көзге толық, көрікті кісі шығар деп ойлаған екен, Абанды көрген соң оны қомсынып, хан былай дейді:

— Әлгі күн ұзаққа елдің «Абан, Абан» деп дәріптегені осы ма еді? Азған жаушымшық торғайдай шылпиған, үйрек бас немені өлгенше мақтағаны не қылғаны?

Елкей де онша көрнекті ірі кісі емес екен. Сонда Абан Елкейдің бетіне қарап былай депті:

— Уа, тақсыр! «Мұртына қарай іскегі, сабасына қарай піскегі» деген емес пе? Қарны қабақтай, шекесі тоқпақтай өткендерді, өлген билерді қайдан іздейміз? Әркім азса қатарымен азатын көрінеді ғой, оны өзімізден көрмесек, кімнен көреміз? Бұл — қазық бастан хан, үйрек бастан би шыққан заман ғой!

Елкей сөзден ұтылып, жауап таба алмай қалыпты.

Абан шешен сөйлеген соң, әңгіме қыза бастапты. Бұл жиындағының көпшілігі төрт қараның билері екен. Абанды қорашсынып: «Абанша би, топтан торай шалдырмас табанша би» — депті біреулер.

— Билер, ол не дегендерің? «Әлімнің билері биіктігімен Сырдан жүзіп өтті, Шөмекейдің билері аласалықтан суға кетті» деп кімнен естідіңдер? — депті сонда Абан.

Төрт қараның билері ұтылып, сөз таба алмай қалыпты.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

суреттер: news.nur.kz, naitysebya.ru  

А. Әбілхан