Адмирал ЛИ Сун Син. Ерлік жолында

Адмирал ЛИ Сун Син. Ерлік жолында

Имжин соғысында жапон әскеріне тосқауыл бола білген корейдің атақты теңіз флоты басшысы өз елінде қудаланып, кейін қайта батыр ретінде мойындалған. Оның батырлығы ұрпаққа үлгі болады деген ниетпен қандай ерлік көрсеткенін жазуды ұйғардық.

Жапон халқын бір мемлекетке айналдырған қолбасшы әрі диктатор Тоетоми Хидэси құрлықтарды жаулаға көшеді. Ең жақын ел сол кезде өз ішінде қайшылықтар туындап жатқан Корея елі болатын. Жапонияда бұл уақытта бір жарым жылдық кеме құрастыру бағдарламасы аяқталып, ендігіде олар тек корей халқын бағындыруды мақсат етеді. Ірілі-ұсақты кеме мен қайықтар Корей бұғазынан жүз мыңдаған әскерді алып өтуге мүмкіндік беретін.

Десе де, соғыс ашу үшін жапон қолбасшысына әлдеқандай себеп керек болады. 1592 жылы сәуір айында Хидэеси Корея королі Сонджо ваннан Қытайға шабуылдау үшін әскеріне территориядан өтуге рұқсат етуін сұраған болатын. Бірақ корей басшысы жапондардың бұл шабуылына қарсы шықты, себебі ол Қытайдың Мин династиясына бағынышты еді. Дәл осы себептен де Жапония мен Кореяның соғысы басталып кетті. Бұл соғыс Имжин соғысы деп аталды. Бұл 60 жылдық күнтізбенің (корейлер мен қытайлар бұл уақытта осы күнтізбемен жыл санаған) 1592 жылының атауы.


Жапон әскері Корея жарты аралының оңтүстігіне дейін кемемен келіп, солтүстікке қарай бет алады. Тоетоми Хидэеси корейлердің құрлық әскерінің күшін дәл болжап білсе де, ван адмиралы Ли Сун Син басқаратын теңіз әскерінің мүмкіндіктерін елестете де алмаған. Себебі Ли Сун Син адмиралы сол уақытта теңіз флотын жаңа технологиямен жабдықтап үлгерген еді.

Ли Сун Син жау әскерінің байланыс қызметін жасайтын кемелерді бірінші болып су астына кетіреді. Дәл осы Имжин соғысы әлемдік теңіз әскеріне бронды кеме немесе «жүзуші тасбақа» аталатын кеме түрін көрсетіп берген. Бұл кемені адмирал Ли Сун Син жасаған. Бұл кеме жазалылар есіп жүргізетін көп ескекті қайық түрі. Оның түбі де, үсті де темірмен жабылған. Қалың қабырғалары мен темір қалпақтарының ішінде ескекшілер мен әскер болған. Бронды кемелер зеңбіректер мен басқа да атылғыш снарядтармен жабдықталған. Корей тарихында Чолл (Чолладо) провинциясында дәл осындай екі кеме болған деседі. Зерттеушілердің айтуы бойынша, осы екі кеме жаудың 59 кемесін батырған. Осы соғыс арқылы әлем тарихшылары сол уақыттардағы ең мықты теңіз әскері деп осы корей флотын айтатыны да бекер емес.  

Ал Ли Сун Синнің ең бірінші көрсеткен ерлігі жапон әскері тұрақтаған Кочжедо аралына жасаған шабуылында болады. Бұл шабуылда корей адмиралы жаудың бірнеше кемесі мен ондаған қайығын өртеп жіберген.

Келесі теңіз шайқасы Окпхо (Кенсандо) портты қаласында болады. Чолл провинциясының флоты жапондардың 44 кемесін өртейді.

Ал 1592 жылы Сары теңіздегі Хансандо аралында үлкен шайқас өтеді. Бұл ұрыста Ли Сун Син адмиралы Кореяның бірнеше провинциясының әскерін билеген. Қанды айқаста корейлер экипажымен бірге 59 кемені өртейді. Дәл осы ұрыстан кейін адмирал жапон теңіз әскерін түп-тұқиянымен жоймақ ниетке көшеді.

1592 жылы қараша айында Жапонияның флот базасы орналасқан Пусан портына шабуылдайды. Бұл базада 470 кеме болған. Кемелері қауқарсыз қалған жапондықтар жағалауға дейін қашып, құрлық әскерінің көмегіне жүгінеді. Сонда адмирал шайқастың бірінші шебіне «жүзетін тасбақа» деп аталған бронды кемесін қояды. Жағалаудан атылған оқ-дәрі бұл кемеге дөп тисе де бұзылмайды. Шабуылшылар экипажы жағалауға қашып кеткен жүздеген кемені суға батырып, өздері де жағалауға келіп түседі. Бірақ корейліктер жапондық самурайлар отрядынан қайта кері жұмылып, қайтып кетеді. Бірақ бұл адмирал әскері үшін үлкен жеңіс еді. Себебі теңіздегі транспортынан айрылыған соң бірте-бірте әлсіз бола береді. Олардың саны уақыт өткен сайын азайып, жарты аралдың оңтүстік бөлігіндегі Пусанға дейін қашуға тура келеді.

Бұдан кейін күншығыс елінің әскері қайта күшейіп, өздерінің «кобуксон» деп аталған бронды кемесін жасайды. Әйтсе де, теңіз соғысы саясатын жете түсінбеген әрі бір-біріне бағынғысы келмеген жапон қолбасшылары жеңіске жете алмайды.


Бірақ жапондардың дәл осы күшейе бастағанына кедергі бола білмегені үшін Инжин соғысының батыры Ли Сун Син өз елінде қудаланып, өлім жазасына кесіледі. Бірақ король оның бұған дейінгі жетістіктерін ескеріп, қатардағы матрос дәрежесіне дейін түсіріп тастайды.

Корей флотына Ли Сун Синнің орнына теңіз әскерімен онша таныс емес, бірақ құрлықтағы шайқасты жете білетін адмирал – Во Гюн келеді. 1597 жылы шілде айында ол Пусанға қайта шабуыл жасайды. Бірақ қабілетсіздік бірден байқалады. Оның кемесі жау қолынсыз-ақ теңіз дауылына ұшырап, қаза табады. Во Гюн флоты түгелдей су астына кетіп, толқындармен оның қаңқалары жау әскерінің қолына түседі. Бұл қиранды кемелер жапон әскерінің жеңіске деген рухын көтеріп, жеңістің символы болып қалады.

Күш алған жапон әскері бұдан кейін қайтадан шабуылға көшіп, корейлер Сеулге қарай қайтуға мәжбүр болады. Қиын-қыстау күн туғанда баяғы адмирал, сол кездегі қатардағы матрос дәрежесіндегі Ли Сун Син қолбасшылыққа қайта шақырту алады. Бірақ оның 12 ғана кемесі болады.

Сеул қаласындағы ескерткіш

Флот басшысы осы аз ғана күшпен 1597 жылы жапон әскері тұрақтаған Чиндо флотына сұрапыл шабуыл жасайды. Сонда жау қолында 200 соғыс кемесі болыпты. Ал кейбір дерек бойынша, жапондарда бұдан екі есе көп кеме болған. Ұрыс барысында жапондардың 50 кемесі су астына кеткен соң қалған әскер осы 12 бронды кемеден Кюсю аралына дейін қашып барған.

Осы бір жеңісінен кейін Ли Сун Син адмирал Корея теңіз әскерін қайта жандандыра бастайды.

Құрлықтағы соғыста Корея мен Қытай бірлесіп жапондарды жарты аралдың оңтүстігіне қайта қуады. Сонда 500-ге жуық кемесі бар жапондық флот норянджин бухтасынан өтуге, кейін өз жеріне қарай қашып кетуге талпынады. 1598 жылы осы жерде Имжин соғысының ең соңғы шайқасы өтеді. Адмирал 10 мыңдаған экипажымен бірге көптеген жау флотын басып алып, жеңісті тойлауға жақын қалғанда ауыр жарақат алып, қайтыс болады.

P.S. Тарихта мұндай саяси әдістерді жетік меңгерген қолбасшылар көп болған. Бірақ біздің мақаламызға арнау болған адмирал Ли Сун Син өз елін тығырықтан шығара білген қолбасшы. Оның батырлығы жайлы көптеген аңыз-әңгімелер тараған. Өлім жазасына кесіліп, қайта өрлей алған адамның мықтылығы сонда, елі үшін жанын пида етіп, тарих сахнасында жасындай жарқылдады. Оның ерлігі бүткіл адамзат ұрпағына рух береді деген оймен осы мақаламыздың соңғы нүктесін қойсақ та болатындай.

Автор: Ардақ Құлтай

Сурет: massaget.kz

А. Құлтай