Тарихта болған жұмбақ әуе апаттары

Тарихта болған жұмбақ әуе апаттары

Malaysia Airlines әуекомпаниясына тиесілі бортында 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі бар Boeing 777-200 ұшағының радардан жоғалып кеткеніне міне, қырық күн болды. Ел премьер-министрі «әуе кемесі апатқа ұшырап, ұшақтағы жолаушылардың барлығы қаза тапты» деп мәлімдеп үлгергенімен, шын мәнінде ұшаққа не болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Жер серіктері ғарыштан түсірген аймақтарға да осы күнге дейін қаншама кеме аттанып, тыңғылықты іздестіру жұмыстарын жүргізсе де, еш нәтиже бермеді. Борттағы қара жәшіктердің айналаға белгі беру уақыты тек 30 күнге дейін жететінін ескерсек, оның уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Бұл факт те іздеу операциясына едәуір кесірін тигізетіні анық. Дегенмен Малай үкіметі солай болды екен деп, қол қусырып қарап отырған жоқ. Операция күн, түн демей жүргізілуде. Қазір оған он шақты елдің тікұшақтары мен кемелері қатысуда. Оған кеткен қаржы да аз емес, қазірдің өзінде ондаған миллион доллар жұмсалған. Біз де жақын күндері ұшақтың табылып қалатындығына сенім білдіргіміз келеді. Ал бүгін назарларыңызға авиация тарихында болған осы жағдайда ұқсас әуе апаттарының бірнешеуін ұсынуды жөн көрдік:  

1937 жыл. Осы жылы 2 шілде күні америкалық әйел жазушы әрі авиацияның пионері саналатын Амелия Эрхарт «әлемді шарлап шығамын» деп мінген екі моторлы ұшақ жоғалып кетті. Оның бортынан қабылданған соңғы радиограмма ұшақ Тынық мұхиты үстінде ұшып бара жатқанда орын алған. Ұшақтың өзі де, қаңқасы да сол күйі табылған жоқ.

1943 жыл. 1 шілде күні бортында британдық актер Лесли Ховард бар жолаушылар ұшақты Бискай шығанағы үстінде әскерилер атып түсіріп, әуе кемесі ұшты-күйлі жоқ болды.

1944 жыл. 15 желтоқсан күні Ла-Манш үстінде қалықтаған бортында америкалық және әлемдік джаз аңызы әрі композитор Гленн Миллер бар UC-64 шағын ұшағы апатқа ұшырады. Қазір Миллердің мазары Нью-Хэйвен қаласында болғанымен, оның денесі Британ каналында жоғалып кеткен еді.

1947 жыл. Аргентина. British South American Airways компаниясына қарасты Star Dust ұшағы Буэнос-Айрестен Сантягоға бағыт алып, сол күй табылмай кетті.  

Ұшақ бортында 6 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. 21 тамыз күні сағат 17.45-те Сантьягода борттан ұшқыштардың төрт минуттан кейін қонатыны жөнінде жазылған соңғы радиограмма хабарын алған. Алайда ұшақ діттеген жеріне жете алмай, әуе кеңістігінен ғайып болды. Сондай-ақ апатқа ұшыраудың алдында пилоттар жерге «Stendek» деп жазылған хабарламаны жіберіп үлгерген. Кейін ол бұл хабарлама орталыққа бірнеше рет келіп түсіп, осыдан кейін байланыс түбегейлі үзіледі. Оқиға болғаннан кейін 50 жыл бойына ұшақтың тағдыры белгісіз болып келді. Тек 1990 жылы жұмбақ жағдайда жоғалған әуе кемесінің қаңқалары Анд тауынан кездейсоқ табылады. Ал 2000 жылы жүргізілген тергеу жұмыстарының қорытындысы бойынша, ұшақ электроника қателігі салдарынан жерге құлаған болып шықты.     

1951 жыл. Атлант мұхиты. 23 наурыз күні Douglas C-124A аталған америкалық әскери-тасымалдаушы ұшағы Ирландияның батыс жағалауына жүздеген миль қашықтықта радардан жоғалып кетті. Мұхит үстінде үшып бара жатқан әке кемесінің бортында өрт шығып, алайда ұшақ су бетіне сәтті қона алған. Кейін жолаушылар борттағы құтқару қайықтарына отырып үлгергенімен, оқиға орнына көмекке келген кемелер мен ұшақтар бірде-бір адамды таппай қалған. Арада біраз уақыт өткеннен кейін бортта болған 53 адамның барлығы қайтыс болды деп жарияланады.   

1952 жыл. АҚШ. 2012 жылдың маусым айында Аляска түбегіндегі Анкориджадан отыз миль жерден мұз астынан алпыс жыл бұрын жоғалып кеткен C-124 Globemaster ұшағы табылды. Оның бортында барлығы 52 адам болған. Ұшақ 1952 жылдың 22 қарашасында апатқа ұшыраған. Болжам бойынша, қолайсыз ауа райы кесірінен жартасқа соғып, өртеніп кеткен. Сол жылдары Douglas C-124 Globemaster әлемдегі ең үздік жүк тасығыш ұшақ болып есептелді.

1962 жыл. Тынық мұхиты. 16 наурыз күні Flying Tiger Flight әуекомпаниясына қарасты  739-шы рейсі америкалық әскерилерді Калифорниядан Сайгонға (Вьетнам) алып бару мақсатымен ұшып шыққан еді. Гуамда жанармай құйып алып, қайта әуеге көтерілген Super Constellation L-1049 ұшағы Филиппин теңізі үстінде ғайып болды. Бір қызығы - бұл күні ауа райы ашық болған, оның үстіне орталыққа борттан көмек сұрап ұшқыштар да хабарласпаған көрінеді. Бірнеше күнге созылған іздестіру шаралары ешқандай нәтиже бермегендіктен, бортта болған 107 адамның барлығы да қайтыс болғандар деп жарияланады. Ұшақ қаңқасы әлі күнге дейін табылған жоқ.

1965 жыл. Атлант мұхиты. 6 шілде күні 9 экипаж мүшесі бар америкалық әскери-тасымалдаушы C-119 ұшағы Багам аралдары маңында із-түссіз жоғалып кетті. Жоғалған уақыты мен аймағы да белгісіз болғандықтан, іздестіру операциясы еш нәтиже берген жоқ. Ал көпшілік оны Атлант мұхиты кеңістігіне тән тылсым күштермен байланыстырды.

1972 жыл. Чили. 2 тамыз күні Сантьягоға бағыт алған Uruguayan AirForce Flight 571 әуекомпаниясына тиесілі ұшақ радар бетінен жоғалып кетті. Бортта 45 адам болатын. Оларды іздеуге 72 күн кетсе де, еш нәтиже бермейді. Кейін белгілі болғандай, жолаушылардың төрттен бір бөлігі ұшақ құлап, жартасқа соғылған кезде ажал құшса, тағы бірнешеуі алған жарақаттары мен аштықтан көз жұмған. Кейін аман қалған 27 адамның сегізін қар көшкіні басып қалса, одан соң тағы үшеуі алған жарақаттарынан өлген. Тіпті аштықтың кесірі мен олардың радиодан «жоғалған ұшақты іздеу жұмыстары тоқтатылады» деген хабарды естуі тірі қалғандарды өліктерді жеуге мәжбүр еткен. Құтқарушылар тірі қалғандар туралы хабарды тек Нандо Паррадо мен Роберто Канесса атты екі жолаушыны фермерлер он күннен кейін тауып алғаннан кейін естиді.  

1978 жыл. Аустралия. 21 қазан күні Басс шығанағы үстінде Cessna 182L ұшағы мен оны басқарған 20 жасар пилот Фредерик Валентич жоғалып кетті. Әуе апатынан кейін Валентичтің өзі де, ұшағы да табылмады. Аустралияның көлік министрлігі тыңғылықты тергеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін ұшақ пен пилоттың жоғалып кету себебін анықтау мүмкін емес деген қорытындыға келді.

1979 жыл. Жапония. 30 ақпанда ел астанасы Токиодан ұшып шыққан Varig компаниясының Boeing 707-323C ұшағы бір жарым сағаттан кейін ғайып болды. Бортта 6 экипаж мүшесі болатын. Ұшақты бірнеше күн бойына іздеген мамандар оның ешбір қалдығын таба алмады. Бұл оқиға реактивті авиалайнердің тұңғыш жоғалуы болып, сондай-ақ авиация тарихындағы ең жұмбақ апат ретінде саналады.  

1996 жыл. АҚШ. 24 желтоқсан күні Нью-Хэмпшир штатындағы Ливан қаласының әуежайына нашар ауа райы жағдайында Лирджет 35А» атты бизнес-класстағы ұшақ қонуға бет алған болатын. Бортта тек екі пилот қана болған. Қонуға әрекет жасаған пилоттардың бірінші мүмкіндігі сәтсіз болып, олар ұшақты екінші мүмкіндікте қондыруға тырысады. Алайда осы кезде ұшақ аяқ астынан радар экранынан жоғалып кетеді. Мамандар мен еріктілер тобы оны үш жыл бойына іздеп таба алмайды. Тек 1999 жылы ғана ұшақ қалдықтары әуежайдан 32 шақырым жердегі орман арасынан табылады.  

2007 жыл. АҚШ. 3 қыркүйек күні Калифорнияда бір моторлы ұшақ жоғалып кетеді. Оның штурвалында әлемді алғаш болып үзіліссіз әуе шарымен, кейін ұшақпен ұшып өткен атақты ұшқыш, көптеген авиациялық және теңіз рекордтарының иесі, мультимиллионер Стив Фоссет болған еді. Іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеген соң тоқтатылады. Тек 2008 жылы 1 қазанда ғана Сьерра-Невада тауында жүрген туристер жоғалған ұшақ орнын кездейсоқ тауып алып, жергілікті билікке хабар береді.  

2009 жыл. 31 мамырда борттық нөмірі F-GZCP (AF447 рейсі) A330 ұшағы Рио-де-Жанейродан Парижге қарай бет алады. Арада үш сағат өткеннен кейін пилоттар ұшақтың үлкен турбулентті (әуе толқындары) аймаққа тап болғанын хабарлап үлгереді. Бірнеше минуттан кейін ұшақпен байланыс мүлдем үзіледі. Ұшақ қалдықтарын табуға бес күн кеткенімен, оны мұхит түбінен алып шығуға  екі жыл уақыт шығындалды. Маңызды ақпараттар жазылған «қара жәшік» 4 мың тереңдікте жатқан еді.  

2012 жыл. Ресей Федерациясы. 11 шілде күні Свердлов облысында құрамында экипаж мүшелері мен 12 жолаушысы бар Ан-2 ұшағы ешкімнің рұқсатынсыз, белгісіз бағытқа ұшып шығып, жоғалып кетті. Сол жылы ұйымдастырылған іздестіру жұмыстары еш нәтиже бермеді. Тек 2013 жылдың 5 мамырында ұшақ қалдықтарын бастапқы ұшу нүктесінен 8 шақырым жерде аңшылар кездейсоқ тауып алған. Аэробус 330 ұшағындағы 228 адамның ешқайсысы тірі қалмады. Әуе апаты жөніндегі қорытынды есеп 2012 жылдың 5 шілдесінде өткен баспасөз маслихатында жарияланды. Оның қорытындысы бойынша, апатқа экипаждардың бір-бірімен келіспей жасаған іс әрекеттері салдарынан ұшақтың еркін вертикал құлауы себеп болған. Айта кетейік, жолаушылардың арасында Бразилияның Орлеан-Браганс императорлық әулетінің өкілі, Педру Луиш ханзада да болған екен.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: youtube.com

Б. Қосмағамбет