Нью-Йорк қаласына саяхаттауға арналған бірер кеңес

Нью-Йорк қаласына саяхаттауға арналған бірер кеңес

Нью-Йорк қаласында қалай саяхаттау туралы ғаламтор арқылы мыңдаған ақпарат пен кеңестер табуға болады. Дегенмен, өз көзімен көріп қайтқан адамның кеңесі пайдалы болары анық. Әлемнің ең үлкен мегаполистерінің бірі болған Нью-Йорк қаласы жылына 54 миллион турист қабылдайды екен. Егер жақын арада аталған қалаға баруды жоспарлап отырсаңыз төменде көрсетілетін кеңестер сізге дұрыс демалуға көмектесетін болады.

Манхэттен қонақ үйлерінде қонбаңыз

Туристерге Нью-Йорктің ең әйгілі аралы қаланың өзі секілді болып көрінеді. Сондықтан олар барынша орталықта орналасуға тырысып бағады. Орталықта, барлығыңызға белгілі болатындай, кез келген қызмет түрі өте қымбат. Қонақ үйлердің бір күндік қызметі орташа есеппен 45 мың теңгеге тура келеді. Сондықтан, аралдан тыс қала округтарынан арзан қызмет түрлерін табуға тырысыңыз. Оларды booking.com және hostels.com сайттарынан табуға болады.

Одан да, Бруклинде тоқтаңыз. Аталған округтың қай жеріне орналассаңыз да, орталыққа дейін небәрі 20 минуттық жол ғана болады. Сондай-ақ, аталған округта қаланың орыс тілді тұрғындары мекен ететін орталық бар. Дегенмен, орыс тілді қауымнан көмек сұрауға асықпағаныңыз жөн. Олар да сіздің тіл білуіңіз нашар екенін пайымдап, ақшаңызды жекелеп алудың жолын қарастырады. Тағы бір жолдарының бірі, ғаламтор арқылы wimdu.ru, housetrip.com, 9flats.com сайттарының көмегімен жеке үйлерді жалға алуыңызға болады. Көрсетілген сайттардың көмегімен сіз біршама ақшаңызды үнемдеп, әрі қолайлы өмір сүре алатын боласыз.Тек өзіңізге сенімді болсаңыз болғаны.

Ескерту: Алдын ала онлайн тапсырыс беру арқылы сіз пайыздық жеңілдіктер алуыңыз мүмкін. Тапсырыс кезінде координатордан осы туралы сұрауды ұмытпаңыз.

Мұражайды дұрыс таңдай біліңіз

Әлемде екінші орында тұратын Нью-Йорк Метрополитен мұражайы мен Нью-Йорктің заманауи өнер мұражайы қаланың қызығушылық танытатын ең басты туристік орталықтары болып табылады. Аталған мұражайларда көне дәуірден бастап қазіргі заманға дейінгі тарихтың бейнесін көрсететін залдар бар.

Одан бөлек, әрбір әлемдік өркениеттің негізгі жәдігерлері де жалпы көрмеге қойылған. Тіпті қазақтың дәстүрін көрсететін залды да көре аласыз. Расында, Метрополитен мұражайын бір күнде қарап шығу мүмкін емес. Себебі ол жердегі әрбір картина мен тарихи жәдігерлер тоқталып өтуді талап етеді.

Кірген бойда, мұражайдың картасын алып аласыз. Оң жағыңызда Ежелгі Мысыр залы, ал сол жағыңызда Ежелгі Грекия залы орналасқан. Билет құны 32 АҚШ долларын қамтиды.

Ескерту: Демалыс күндері мұражай алдында кезекке тұратындар саны тым көбейіп кетеді. Оған сізге көмектесетін делдалдар да табылады, әрине. Дегенмен, жұмыс күндері келіп өз бағасында билет алғаныңыз жөн. Сосын, билетті сатып алғаннан кейін, мұражайдан шығып кетпеңіз. Шыққан бойда сізге қайта билет сатып алуға тура келеді.

Такси қызметін пайдаланбаңыз

Нью-Йорктің әйгілі сары таксилері қаланы айналуға орасан зор мүмкіндік болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, шын мәнінде, олай емес (жеке тәжірибемнен белгілі). Таксиге отыру арқылы сіз жол ақысын бірнеше еселеп төлеуіңіз мүмкін. Көбіне үнді ұлтының өкілі болатын такси жүргізушісі сіздің қалаға алғаш рет келіп отырғаныңызды бірден байқап, қызметтің төлемін еселеп айтады.

Оған қоса, сіз қаланың ең үлкен кептелістеріне түсіп қалып, қыруар уақытыңызды босқа кетіресіз. Қаланың транспорттық ережелеріне орай, сары таксилерге Манхэттен аралынан тысқа шығуға рұқсат етілмейді. Сондықтан өзге округтарда такси шақыру бірталай соманы қажет етеді.

Сол үшін, Нью-Йорктің қоғамдық транспорт қызметімен дос болыңыз. Метро және автобустар қаланың кез келген нүктесіне жылдам жеткізіп салады (Тек Гарлемге емес). Ол үшін сізге әрбір метро аялдамасында болатын ақпарат беру орталығынан қала метросының картасын алу керек.

Олар туристерге тегін беріледі. Әрбір бағыт түрлі түстермен көмкерілгендіктен, сізге түсініп алу түк емес. Сонымен қатар, метрода лимитсіз бір апта жүру билетіңізді 30 АҚШ долларына сатып алу арқылы, тағы да ақшаңызды үнемдейтін боласыз. Билеттерді кез келген метро аялдамасынан автомат арқылы алуға болады.

Ескерту: Такси жүргізушілері сізді тегін алып баратындай жабысып алуы мүмкін. Тек сенімділік танытып, өз жолыңызбен жүре беріңіз. Сонымен қатар, Нью-Йорк тұрғындары метроны "Subway" деп атайтынын ұмытпаңыз.

Эмпайр-Стейт-Билдинг ғимаратына көтерілмеңіз

Расында, әлемнің ең әйгілі биік ғиамараттарының бірінің жоғарысынан көрінетін қала панорамасы көз жауһарын алады. Оған да кіру үшін 30 АҚШ долларын төлеп, кезекте 2 сағаттан көп уақыт тұруыңызға тура келеді.

Уақытыңыз тығыз болса, аталған ғимаратты туристік жоспарыңызға енгізбей-ақ қойғаныңыз дұрыс.

Одан да, Нью-Йорк қаласын Бруклин-Бриджден тамашалаңыз. Ол жерден көрінетін қала көркінің әсері көп уақытқа дейін есіңізден шықпайтын болады. Оған қоса, көпірден тамашалауға еш ақша төлеудің қажеті болмайды. Голливуд блокбастерлерінен бізге әйгілі болған көпірдің солтүстігінен Манхэттен мен Куинс округтарын қосып тұрған Манхэттен және Куинсборо көпірлеріне көзіңіз түседі. Ал оңтүстігінен Чайнатаун орналасқан Төменгі Манхэттен мен Азаттық Мүсініне көрініс ашылады.



Ескерту: Егер ғимаратқа шығуға бел бусаңыз, кезегіңізді күтіңіз. Арада толып жүрген делдалдар сізге өтірік билет сатып жіберуі де мүмкін. Одан бөлек, шетке алып барып, барыңызды алып кететіні де бар. Осалдық танытпаңыз.

Өз саяхатыңызды өзіңіз жоспарлаңыз!

Автор: Жолдас Өрісбаев

Сурет: ©Massaget.kz

Ж. Өрісбай