ҚазҰУ балмұздақтары "ақсүйекті" жаңғыртты

ҚазҰУ балмұздақтары "ақсүйекті" жаңғыртты

Өмірдің өзі алуан түрлі сәттерден тұрады десек, кез келгеннің ғұмырындағы ең бір тәтті кезең – студенттік шақ. Сіз осы қызығы мен шыжығы қатар жүретін студент шағыңызда «ақсүйек» ойнап көрдіңіз бе? Жоқ?! Өкінішті-ақ... Ал Алматыдағы ҚазҰУ қалашығында осы университеттің бірінші курс студенттері мұндай мүмкіндіктен мақұрым қалған жоқ. Бұлай дейтін себебіміз, биыл ғана университет табалдырығын аттаған балмұздақтар біздің ата-бабаларымыз ойнаған «ақсүйек» ойынын қайта жаңғыртты.

Қазақ Ұлттық Университетіндегі Жоғары Студенттер Кеңесі ұйымдастырған «Ақсүйек in the city» жобасы қалашықтың жаңа тұрғындарын студенттік өмірмен, қалашықтағы әр түрлі орталықтармен, студенттер үйлерімен, сондай-ақ жасөспірімдерді бір-бірімен таныстыру мақсатында өткізілді.

Ойынға әдеттегідей екі ғана топ емес, қалашықтағы әрбір студенттер үйінен он екі топ қатысты. Шарт бойынша, олар алдын ала дайындалған он төрт кедергіден өтіп, қалашықтың түкпір-түкіпірінде жасырылған он төрт «жетонды» алып келулері керек. Кім бірінші және түгел алып келеді, сол – жеңімпаз атанады.

Балмұздақтардың жеңімпаз атансақ деген мақсаттары тым ерекше.

Олар ойын талаптарын орындау үшін ештеңеден тайсалмады.

Ақсүйекшілер қалашықтың барлық аумағын аралап өтті десек, артық айтқандық емес.

Студенттер тек «ақсүйекті» іздеп қана қоймай, әрбір бұрышта берілген шығармашылық тапсырмаларды орындады.

Мәселен, ақсүйекшілер тапсырма бойынша ҚазҰУ-дың бас ғимараты алдында «Атамекен» әнін көкке шарықтатты.

Ойын талаптарын толықтай орындаған филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің студенттері жеңіс тұғырынан көрінді.

Ойын соңында жеңімпаздар марапатталып, әуезді әндер шырқалып, би кешіне ұласты.

Суреттерді түсірген және дайындаған: Айгерім Сматуллаева