Қазақ фольклорындағы мықан ағашы #5

Қазақ фольклорындағы мықан ағашы #5

(Басы)

Жапанда өскен бәйтерек ағашының жүрек тербетер сыбдыры дыбыстық әуенге айналып, адамдар оны табиғаттың ерекше құбылысы деп бағалап сыйынған, бәйтерек ағаштың қылықтарына ұқсасын деп аспап жасап алуы да сол негізге меңзейді. Сезінген сезімдерін домбыра арқылы музыкалық, эстетикалық, әсемдік сұлулығын бір-біріне білдіреді. Ол бәйтерек жаратылысының, эстетикалық болмысының жоғарылығымен іштей байланыс табады. Мұны аңыздардың желісінен әбден аңғаруға болады:

«Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңіл жарастырғанын сезіп қалады да, жгітті дереу дарға астырады. Жүкті болып қалған қыз мезгілі жетіп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпір екі баланы көз көрмес, құлақ естімес алыс жерге апарып, жап-жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Сәбилердің көз жасы тамған бәйтерек солады. Жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та солып, қуарады. Оны естіген қыз балаларын іздеп, жолға шығады. Жолда шаршаған қыз бір ағаш түбіне келіп демалады. Құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шыққан әуен екенін білгісі келіп, ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Ағаш түбінен басына дейін қуыс екенін көреді. Екі басында бұтаққа керіліп қалған ішектер самал желмен тербеліп, одан әуен шығып тұр екен. «Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қарағаны ішегі бостау, шығысқа қарағаны ішегі қаттылау керілген екен. «Астыңғы ішегі жіңішке дауысты қызым зарлық, ал үстіңгі ішек қоңыр дауысты ұлым мұңлық болсын» деп екі ішекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен», – дейді аңыз-әңгіме туралы еңбегінде О.Жәнібеков.

Мұнда халқымыздың мықан ағашына табынып, пір тұтып, өздерінің тарихын, мұң-мұқтажын, күйініш-сүйінішін, арман-тілегін осы киелі ағаштың бұтағынан жасаған домбыраның сазды әуені арқылы ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып отырған.

Бәйтеректің сан-салалы тамыры жер астында жайқалған. Бұтағы мен сабағы жер үстінде. Ұшар басы аспанмен тілдесіп, түрлі сыбдыр дыбыс құрап, сезгіш көңілге айрықша әсер еткен. Әуен – тазалықтың нышаны. Ал бәйтерек ұшы – әлем байланысының симовлы. Шамандық түсінік бойынша әлем үшке бөлінеді. Жоғарғы әлем – жаннат, онда тәңірлер, бабалар әруағы мекендейді; орта әлемде – жер беті. Бұнда адамдар жасайды. Адамдар жаратушының құлы; астыңғы әлем – тозақ. Онда қаскөйлер, жын-шайтандар мекендейді. Бәйтеректің үш әлемнің байланысының символы болуы осы шамандық негізде қалыптасқан болуы әбден ықтимал. Демек, аспаннан пайда болған әуен бәйтерекке беріліп, одан шыққан әуен саққұлақ адамдарға естіліп, ол дыбыстарды әуенге айналдырған болуы керек. Оны орындаушылар өңдеп дамытып, адамдардың әрекетімен қалыптастырып, бір-біріне үйретіп отырған. Сөйтіп үш түрлі әлемнің құдіретін бәйтерек ұғымы тікелей байланыстырып тұрғандай.

Қорытынды

Есте жоқ ескі заманнан бастап күні бүгінге дейінгі тұспалдарға жүгінсек, бәйтерек, яғни мықан ағашы – ғаламдық уақыт пен кеңістік арасындағы мәңгілік тұтқа болып саналатын нысаналық белгі. Пәнилік уақыттың түпкі өлшемі, әр халықтың фольклорында мықан ағашы, яғни бәйтерек – құдіретті күшке ие, мейірімділіктің, ізгіліктің, жақсылықтың символы, нышаны. Ол адамдарға шексіз күш-қуат, ақыл-парасат, тіршілік бағыштайтын образ. Бұндай таным жоғарыда айтып өткеніміздей адамдардың ертедегі шамандық түсінік төтемдік табынудан, сонау есте жоқ ескі замандарда бастарына пана, жандарына сая болған, жер бетіндегі алуан түрлі өсімдіктерге деген таңдануынан, таңданудан туған қияли түске ие сыйынуынан, әр-түрлі ағаш материалдарымен қамдаған өсімдіктерге деген сүйспеншілігінен, аялау-ардақтау сезімінен туындаған. Бұл идея халықтардың фольклорында символдық мән арқылы жанды образды да бейнеленген.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Камуна Жанбозұлы, «Өткен күнде белгі бар», Ұлттар баспасы, 2006 жыл.

2. Азат Изоллаұлы, «Тасқа жазылған тарих», Шынжаң халық баспасы, 2003 жыл.

3. Жақып Мырзаханұлы, «Қазақ халқы және оның салт-санасы», Шынжаң халық баспасы.

4. «Қазақ халық аңыз-ертегілері», Ұлттар баспасы, 2002 жыл.

5. Камуна, Ұйымқан «Қазақ халық ауыз әдебиеті», Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 1996 жыл.

6. «Қытай қиял-ғажайып әңгімелері», 1-2-3-4-5-6-7-кітаптары. Ұлттар баспасы, 1999 жыл.

7. Тұрсын Жұртбай, «Сүре сөз», Алматы баспасы, 2005 жыл.

8.谢选骏“神话与民族精神”山东出版社,1996年
9.仁钦道尔吉/郎樱编“阿尔泰语系民族叙事文学与萨曼文化”,内蒙古大学出版社,1990年。             
10.李景江,李文焕者,“中国各民族民间文学基础”,吉林大学出版社,1986

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: baiterek.gov.kz

M. Auelkhan