Петропавлда Жастар сарайы салынғалы жатыр

Петропавлда Жастар сарайы салынғалы жатыр

Петропавлда Жастар сарайы бой көтеретін болды, деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысына бұған дейінгі жұмыс сапары барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке аймақ жастары жастар бас қосатын арнайы ғимараттың жоқтығын тілге тиек еткен болатын.

Бүгін жұмысшы жастармен кездесуде Байбек аталған мәселенің оң шешімін тапқанын жеткізді. Жақын уақытта Петропавл жастарының өз Жастар сарайы пайда болмақ.

«Бүгінде облыста 70 жуық үкіметтік емес жастар ұйымдары жұмыс істейді, сондықтан облыс әкімі партияның, жастардың алдында жастарға арналған ғимараттың болатынына уәде берді», – деді бірінші орынбасар.

Өз кезегінде, облыс әкімі Ерік Сұлтанов ғимаратты қайта жаңғырту мен күрделі жөндеу жобасы жылдың соңына дейін әзірленетінін айтып, келесі жылы «қоныс тойын» тойлауға уәде берді.

Болжам бойынша, жаңа Жастар сарайы шығармашылыққа әуес аға буын мен жастардың қоян-қолтық араласуына, түрлі жастар мен шығармашыл бірлестіктер, концерттер, көрмелер, тұсаукесерлер, конференциялар, форумдар мен мереке-думандар ұйымдастырып, өткізуге арналған ерекше алаңға айналмақ.

Жаңа Жастар сарайында үйірмелер, секциялар, мәжіліс-залдар қарастырылатын болады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: kazakh.ru

Е. Қайрахан