"Эйр Астана" компаниясы мен «Korean Tourism National Organization» бірігіп көрме-семинар өткізді

"Эйр Астана" компаниясы мен «Korean Tourism National Organization» бірігіп көрме-семинар өткізді

«Эйр Астана» компаниясы шілденің 4 жұлдызында «Korean Tourism National Organization» орталығымен бірігіп журналистер мен туризмге қызығушы қауымға арналған көрме-семинар өткізді.

Аталған көрмеде Оңтүстік Кореяның туризм саласындағы мүмкіндіктері және қазақстандықтардың арасында танымал болып жүрген сапалы медицинасы туралы айтылды. Көпшілікті тың ақпаратымен қанықтырған жиынға Корея Республикасының консулі Сон Чхи Кын, KTNO басқарушысы Ли Су Таек, «Эйр Астана» компаниясының топ-менеджері Ричард Леджер және Сеул қаласынан келген 10 корейлік агент қатысты. Бағдарлама баяндамадан басталып, артынша бейнебаяндар мен ұтыс ойындарына ұласты. Бұдан өзге қонақтарға арналған дастархан жайылды.


Korea Vision, Plaza 21 Travel service, Hanse Travel, Jane Tour & DMC, Baikal tour, Ascle InterМed, Holidaylink DMC, US Travel, Golden Tour Korea, CU Medicare компанияларының өкілдері баяндамаларымен таныстырды.





Корей елшілігінің бас консулі Сон Чхи Кын: «Сәлеметсіздерме, ең алдымен, «Эйр Астана» компаниясын Корей еліне бағытталған рейстерінің жиілегенімен құттықтаймын! Менің білуімше, Қазақстан басшылығы 2020 жылға дейін туризмді дамыту концепциясын ойластырған. Аталған концепция 5 кластерге негізделеді. Олардың бірі – Шығыс Қазақстан мен кәріс пен қазақтардың түп тамырын табуға болатын Алтай аймағы. Екі елдің арасында тең дәрежелі туристік қатынас дамыса жақсы болатын еді.

Қазақстан бізді Жібек Жолы торабының болуымен ғана емес, пайдалы қазбаларымен, ең бастысы табиғатымен қызықтырады. Корейлік «К-поп» толқыны осы күндері екі елдің арасын жылытқандай. Корея мемлекеті сіздер үшін бірегей медициналық технологияларын және жылы жағажайы мен дәмді тағамын ұсынады» деді өз сөзінде.

Расымен де, соңғы бірнеше жылдың ішінде екі елдің арасында тек туризмдік емес, мәдени қарым-қатынастар жақсы дамып, корейдің танымал әншілері елімізге келіп өнер көрсетті.



«Эйр Астана» компаниясының вице президенті Ричард Леджер: «Қазақстан мен Корея арасындағы рейстерді жиілетуде бірнеше мақсатымыз бар. Біріншіден, екі елдің арасында қатынау үшін соңғы 5 айдың ішінде үлкен сұраныстың пайда болғандығын байқадық. Бұл арадағы бизнес жобалардың жүзеге асуымен де түсіндіріледі. Мұнымен қатар, өткен жылы Оңтүстік Корея президентінің елімізге келіп бірнеше келісімге қол қоюы және визасыз жол жүру себеп болды. Менің ойымша, ең басты себебі Қазақстанның 10 елге визасыз кіруге рұқсат беруі. Бұдан өзге 757 ұшағын адам көп орналаса алатын 767 ұшағымен алмастырдық» деп мәлімдеді.

Кеш соңында Эйр Астана компаниясының қызметкері Айгүл Алиева компанияның соңғы жаңалықтарын ұсынды.


Естеріңізге сала кетейік, Алматы – Сеул рейсі 2003 жылдың 15 желтоқсанында ашылған болатын. Оның ұзақтығы 5 сағат 40 минутты құрайды. Дәл қазіргі уақытта «Эйр Астана» отандық жолаушыларды аптасына үш күн (дүйсенбі, бейсенбі, сенбі) Боинг-767/757 аспан кемесімен тасымалдайды.


Рейс ашылған уақыттан бастап 141 240 адам және 3 000 тонна жүк тасымалданған екен. Алматы-Сеул-Алматы минимальды тарифы 118 370 теңгені құрайды.

Арнайы Massaget.kz үшін: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Massaget.kz

Қ. Бүйенбай