8 наурыз: Ыдыс жуғыш машинаны ойлап тапқан әйел

8 наурыз: Ыдыс жуғыш машинаны ойлап тапқан әйел

Оны  8 наурыз күні есімізге алып, еңбегіне бас июіміз керек.  Өйткені оның әйел баласына жасаған жақсылығы тарихта қалды. Әйел баласының ойына бір зат келсе, ол оны орындамай тынышталмайды. Бұның айқын көрінісі ыдыс жуғыш машинаны ойлап тапқан Жозефина Кокрейннің еңбегі. Жозефина қымбат тәрелкелері жоғала берген соң, ыдыс жууды жалдамалы қызметкерге тапсыруды қойып, үйдегі ыдыс-аяқты тазалауды өз мойнына алады. Май мен тамақ қалдықтарына толы ыдыстарды жуу Жозефинаға ұнамаса керек. Әйел баласы жек көретін істердің бірі Кокрейн ханымға де ұнамай, ол осы сұрақтың басқаша шешілуін қалайды. Сонда Жозефинаның "Егер ыдыс жуғыш агрегатты ешкім ойлап таппаса, оны мен істейтін боламын" деген сөзі тарих парақтарына мәңгі өшпес сиямен жазылып қалды.

Дәл сол кезде Жозефина басынан қаралы күндерді кешіреді. Жесір әйелге күйеуінен көк тиын қалмай, Жозефина қарызға белшесінен батады. Бір үзім нан алуға ақшасы жоқ жесір әйел өз үйінің қорасында техно жабдықтың алғашқы баламасын жасауға кіріседі. Еңбекқорлық пен төзімділіктің  арқасында бірнеше айдан кейін Жозефина Кокрейн АҚШ-тың Иллинойс штатына тиеселі патент бюросынан өзі ойлап тапқан техно жабдығына патент алады (1885 жыл 31 желтоқсан). Әйел баласының ойлап тапқан техникалық құралы бу негізінде жұмыс істеді. Машинаның астыңғы бөлігінде орналасқан пеш резервуардағы суды қайнатылғандықтан ауа қысымы  белгілі бір деңгейге дейін өсті. Бұл қысымның арқасында ыстық бу қозғалтқыш механизмдердің жұмысын шапшаңдатып, кір ыдысы бар машина бөлігіне өткен. Өзінің патент хатында Жозефина ыдыстардың құрғақ болып шығатынын айта кеткенімен, шын мәнісінде олай болмады. Өнертапқыштың негізгі ойы бойынша жуылған ыдыс ыстық ауа массаларымен құрғатылуы тиіс еді. Жесір әйелдің ыдыс жуғыш машинасы ыдыс-аяқты құрғатпаса да, тап- таза етіп жуғандықтан, оның өнімі үлкен сұранысқа ие болды.

Жозефина Кокрейн

Өз өніміне патент ала салысымен, Кокрейн ханым бизнес жоспарларын жүзеге асыра бастады. Ол өзінің екі машинасын Чикагодағы қонақ үйлердің біріне сатқаннан кейін, ыдыс жуғыш машинаға деген тапсырыстар өсе бастады.

Бір айта кететіні, Кокрейн ханымның машинасы 150 долларға бағаланды, оны қазіргі ақшаға аударсақ, шамамен 4500 долларға тең болады. Ыдыс жуғыш машинаны қазірдің өзінде де бұндай ақшаға сатып алу әркімнің қолынан келе бермейді. Ал сол кезді айтпасақ та түсінікті шығар. Еркектер осындай бағаға кір жуғышты сатып алғанша, жалдамалы жұмысшыларға ақша төлеуді тиімді көрді. Бұған қарамастан, Жозефина Кокрейн өз өнімін 1893 жылы 1 сәуір күні әлемдік көрмеде халыққа көрсетіп, жиналған қауымды таңғалдырды. 

Кокрейннің ыдыс жуғыш машинасы

Шіркеу қызметкерлері техно құрылғыға наразылықтарын білдірген. Ыдыс жуғыш қызметкерлердің де Жозефинаға деген өкпелері қара қазандай болды. Техно құрылғы олардың жұмысын тартып ала ма деп қорыққан болар, сірә.

1897 жылы Жозефина «Гарис-Кокрейн» атты фирманың негізін қалап, өз машиналарының жетілуіне қомақты қаражат пен күш жұмсайды. Кейін өз сөзінде Кокрейн ханым былай деген: "Менің басты мақсатым ақсүйек адамды механикке айналдыру емес, оны жаңа өнім шығаруға итермелеу болды". Машиналарға деген сұраныс өсіп отырды, Жозефинаның да табысы ұлғая түсті. Бірақ, байлыққа қызықпаған әйел өз өнімін жетілдіруден шаршамады. Кокрейннің соңғы шығарған ыдыс жуғыш машинасында насос пен кір суды сыртқа шығаруға арналған шланг болды.

Жозефина Кокрейн 1913 жылы 74-ке аяқ басып, өмірден озды. Кейін оның компаниясы басқа адамға сатылды. 1940 жылы Жозефина негізін қалаған компания Whirlpool корпорациясының құрамына енді.

Сурет: peoples.ru