8 наурыз. Жігіттерге нұсқау

8 наурыз. Жігіттерге нұсқау

8 наурыз... Еркектер қауымын әбігерге салатын мереке... Көшелерде ер  азаматтарымыдың  асығып-аптығып, қолтықтарына гүл қыстырып, көздері күлімдеп, дүкеннен дүкен қоймай сыйлық іздеп жүретін кезі... Дәл осы мерекеде жаныңыздай жақсы көретін нәзік жанды қалай қуантарыңызды, қандай тосын сый дайындайтыныңызды білмей басыңыз қатып жүрсе, мына кеңестер сізге көмек болады!                                                       

Басты сыйлық - гүл. Гүлді өз қолыңызбен ұсынғанғаннан гөрі, тапсырыспен жіберген дұрыс. Кез  келген жігіт кез  келген уақытта жүзбе-жүз гүл ұсына алады. Ал сіз бұл сыйыңызды құпия түрде, яғни үшінші бір адам арқылы (курьер, жолдасыңыз т.б) жеткізсеңіз,  немесе қыз мереке күні оянып көзін ашқанда гүліңізді көретіндей етіп, тосын сый жасасаңыз, әсерлірек болатынына күмәніміз жоқ!                                                                   

Ең қымбат дегеніңізді құрбан етіңіз. Мәселен,  ешкімге сеніп тапсыра бермейтін көзіңіздің қарашығы сүйікті көлігіңізді оған жүргізуге рұқсат беріңіз. Жүргізуді білмесе, дәл осы күні уақыт бөліп, үйретіңіз. Кім құрбандық жасамайды – сол жеңіске жетпейді!  Болмаса, құрбыңызды дүкенге алып барып, қалағанын алуына  мүмкіндік беріп, төлем картаңызды қолына ұстатып, еркіндік берсеңіз, тіптен жақсы!                                               

Сезіміңізді ерекше жеткізу. Мереке күні сүйіктіңізге күнделікті әдетке айналған сөздеріңізден басқа, ерекше тәтті сөздер арнауға тырысыңыз. Еркелетіңіз!  Сезіміңізді жүректі тербейтіндей, жанды елжірететіндей етіп білдіруге тырысыңыңыз! Бұл да өз қиялыңызға байланысты. Алдында тізерлеп отырып жыр шумақтарын оқыңыз, мұныңыз тас жүрек деген жанды да елжіретіп жібере алатынына сенімдіміз!                                                                 

Кешкі асқа дайындық. Дәстүр бойынша, 8 наурыз күні жігіттер ас дайындайды. Жақсы дәстүр, бірақ, оны қалай іске асыруға болады? Өйткені ерлер қауымы әдетте ас үйге тек шығып жатқан иіс қандай тағамның иісі екендігін білуге бас сұғады емес пе? Бірақ бүгін бәрі керсінше болуы тиіс! Әрине оңай жолын таңдап сүйіктіңізді мейрамханаға кешкі асқа шақыруға да болады, бірақ сіз жігіт емессіз бе, жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүргеніңіз жараспас! Оның үстіне сүйіктіңізді қуантқыңыз келеді ғой? Шешілді! Асты өзіңіз дайындайтын боласыз! Алдымен қолыңызға шаңсорғышты алыңыз да, үйді жақсылап тазалап, шаңдарын сүртіп шығыңыз, заттардың орнын ауыстырып алмауға тырысыңыз!                                                      

Кешкі ас мәзірі. Ең алғаш жасап жатқандар үшін оңай ас мәзірін ұсынғанымыз жөн болар. Салат! Иә, иә салатсыз қандай дастархан болсын? Саспаңыз, оны жасау тым оңай. Қияр, қызанақ, тәттібұрыш (болгарский перец), аскөкті ұсақтап турап араластырып, тұз бен май қоса салсаңыз болғаны. Мерекелік дастарханға басты тағамның түрі де романтикалық болуы тиіс. Сондықтан, Массагет сайты ұсынған мына мәзірді істеп көріңіз. 15 минутта дайын болатын жүрек пішінді пицца мерекелік көңіл- күй берері анық.

Мерекелік торт. Мерекелік дастарханның тортсыз болуы мүмкін емес! Сондықтан дастарханыңызға дәмді тортты да қоюды естен шығармаңыз. Сүйіктіңіздің ұнататын тортына әдемі сөздерді жаздырып, шырақ жақсаңыз, тіптен қатып кетеді. Сонымен қоса, дастарханға ыдысқа салынған әдемі гүл шоқтарын қойсаңыз да болады.                                                

Ең бастысы... Сүйіктіңіздің көзін орамалмен байлап, арнайы дайындаған дастархан басына алып келген соң, үш сиқырлы сөзді айтыңыз! Ол сөздерді кез келген адам айта алады, қиын емес, бірақ, ол сөзді айтпайынша әйелдер қауымының санасын күдік билеп тұрады. Сіз ол үшін жарылып кетіңіз, шатырдан секіріңіз, мейлі  ол үшін маңызды жиналыстан қашып кетіңіз, бірақ осы сөзді айтпайынша, ол күмәндана береді, күмәндана береді және де күмәндана береді! Айтып көріңіз! Ол сондай оңай: «Мен сені сүйемін! »   

Сәттілік сіздерге, құрметті жігіттер қауымы!

Сурет: webcommunity.ru

С. А