22 Наурыз. Асық ойыны.

22 Наурыз. Асық ойыны.

Асық - қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Бұл ойын негізінен күндіз де, түнде де ойналады. Асықтың күндізгісі адамды – мергендікке, түнгісі – ептілікке үйретеді. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп аталады. Ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқай аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл.

Мысалы, құмар ойынына 2-4 адам қатысады. Олардың жақсы жонылып, табаны қайралған төрт асығы болуы керек. Ойыншылар өзара келісіп жеңімпазға жүлде тағайындап алады да, кезек-кезек төрт асықты иіреді. Егер иіруші төрт бүк, не төрт шік, не төрт алшы, не төрт тәйке түсірсе, жүлденің жартысын алады, төрт асық төрт түрлі түссе, онда тігілген жүлдені түгелдей алады. Осылайша ойын жалғаса береді. Асықты мұртынан не жамбасынан тұрғызуды омпы дейді. Омпы ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті үлкен бөлме ішінде де ойнала береді. Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат – көп асық ұтып алу. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі шеңбер сызады да көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуіне тигізсе, сол асықты ғана алады. Асық жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді. Асық ойынының халық арасына кең тараған, басқа да түрлері бар.

Асық ойыны қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Ұсақ малдың (қой, ешкі) асықты жілігінен алынған жұмыр сүйек - асықтай ойналады. Оң қолмен атуға ыңғайлысы - оңқай асық аталады. Сол қолмен атуға ыңғайлысы – соңқай деп аталады.

Кеңес өкіметі кезеңінде, ұлттық ойындар оның ішінде асық ойыны еріккеннің ермегі, ойын балаларға тәрбие бермейді деп есептелді. "Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар" деп мақалдап та жүрдік. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанның жетістіктерін шет ел мойындай бастаған уақытта, ұлттық құндылықтарымызды жаңарту кезеңі келді. Кейбір жерлерде осы ойынды қазақшалап "Табан" деп те атайды. Шеңберге тігіп ойнайтын қаланың кеңес дәуіріндегі шығарған асық ойындары. Сақа арқардың асығы болуы шарт. Ертеде бай қуаттының балалары ұстайтын, "Қоңқар" немесе "Құлжа" арқардың еркегінің асығы. Салмақты қолға қолайлы және ойнағанда мерейің жоғары болып жүреді. Тиген асықтар быт-шыт болып жан-жаққа бытырай ұшады. Мықты ойнайтын кедей кепшіктің балалары "қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз ақылы асса аға тұт" - деп қулана мақалдап та қоятын. 60-70 жылдары ойналған асық ойынының атауы - "Өріс" Кең далада ұзындығы 20 метрден кем болмайтын. Қазағымның кең пейіліндей Сарыарқа даласында көсіле жазықта ойналған. Кемі екі баладан бастап қанша бала ойнаса да болады. Үлкен мен кіші бір-біріне қамқор болып келісіп ойнаса да, құрдас пен құрдас бір-біріне бәсекелесіп ойнаса да, үлкен мен кіші бір біріңді сынай ойнаса да әбден болады. Жүгіресің, секіресің, көздейсің, тигізесің, ерегесесің, жеңесің, жеңілесің, ұтасың, ұтылысың, асыққа бай боласың, жоқ боласың. Таза бәсеке, таза тәрбие. Өтірігі, арамдығы, жалғандығы жоқ. Болмайды да. Ұлттық тәрбие. Ұлттық ойын. Спорт ойыны, спорттық бәсеке. Шеберлікке, мергендікке, батылдыққа, шешімдікке, ырымға ырысқа-тәрбиелейді.

Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сурет: kerekinfo.kz, massaget.kz 

Ю. НИКУЛЛИН